«Python»-дағы барлық мәліметтер объект түрінде ұсынылған. Әрбір объектінің типі және мәні болады. Объектілерге қатынас жасау үшін айнымалыларды қолданамыз. Айнымалыға иницилизация жасаған кезде, объектіге сілтеме (компьютер жадындағы адрес) сақталады. Айнымалыда мәліметтің өзі емес осы мәліметке жауап беретін класс объектісінің сілтемесі сақталатын болғандықтан, айнымалыны «атаулар» деп айтуымызға болады.
Әрбір айнымалыда қайталанбайтын уникал атау болуы керек. Айнымалы атын мүмкіндігінше латын әріптерімен, сандармен, төменгі сызықшамен көрсеткен тиімді. Арнайы символдарды қолдануға рұқсат берілмеген. Айнымалының аты санмен бастала алмайды. Сонымен қатар айнымалы атын төменгі сызықшадан бастап жазудың қажеті жоқ, өйткені мұндай айнымалылар арнайы мақсаттарға қолданылады. Айнымалы аты ретінде кілттік сөздерді пайдалануға болмайды.
def='Функция' print(def)
Жоғарыдағы код «қате» деп аяқталады, өйткені «def» – арнайы кілт сөз.
Айнымалы атын латын әріптерінен басқа да ұлттық алфавит әріптермен белгілеуге болады, бірақ бұл жалпы бағдарламалау стандарттарына қайшы келетін болғандықтан, атауларды тек латын әріптерімен белгілеген дұрыс.
Айнымалы аты ретінде кездейсоқ кілттік сөздерді, стандартты функция аттарын пайдаланбау үшін редактор (IDE) бұларды арнайы түспен белгілеп көрсетеді. «Thonny» редакторында бұл – қою қызыл түс. Егер Сіз таңдаған айнымалының аты осындай түспен белгіленіп тұрса, оның атын алмастырғаныңыз дұрыс болады.
«Python» – регистрге (бас әріп пен жай әріпке) тәуелді тіл. Сондықтан «Name» және «name» – екі түрлі айнымалы болып тіркеледі.