«Python» – интерпретацияланатын, объектіге бағытталған, жоғары деңгейлі бағдарламалау тілі. Тілдің қолданыс аясы өте кең. Оның көмегімен web парақшаларды құруға, мәліметтер қорымен жұмыс жасауға, әртүрлі ақпараттарды өңдеуге, ғылыми-математикалық есептерді шешуге, графикалық интерфейсті бағдарламалар құруға болады. «Python» тілі – кроссплатформалық тіл, яғни барлық операциялық жүйелерде орындалады. «Unix» операциялық жүйелер топтамасында «Python» тілі операциялық жүйемен бірге орнатылады.
Тілдің атауына байланысты түрлі деректер бар. Ресми дерек бойынша тілдің атауы британиялық BBC-дің «Монти Пайтонның ұшқыш циркі» деп аталатын комедиялық телешоуының құрметіне қойылған. Бірақ көпшілік тіл атауын питон жыланымен байланыстырады. Ресми сайттың эмблемасы да жылан типтес (осы кітап барысында ресми нұсқа бойынша тіл атауын «питон» емес «Пайтон» деп атайтын боламыз).
«Python» тіліндегі бағдарлама қарапайым текстік файл түрінде (консольда) – «.py», ал графикалық интерфейсте болса «.pyw» кеңейтілімімен беріледі. Бағдарлама коды интерпретатордың көмегімен жол-жол бойынша орындалады.
«Python» – объектіге бағытталған бағдарламалау (ОББ) тілі. Бұл – «барлық мәліметтер объект түрінде беріледі» деген сөз. Тіпті, қарапайым айнымалы құратын болсақ та – ол объектіге сілтеме болып саналады. Яғни, мәліметтердің типтері, мысалы: сан, сөз немесе басқа да кез келген тип – объект болып табылады. Бірақ «Python» тілі барлық бағдарламаны объектіге бағытталған стильде жазуға міндеттемейді. Бағдарламашы бағдарламаның күрделілігіне қарай, болмаса өзінің деңгейіне байланысты ОББ стиліне көше алады.
«Python» тілі – синтаксисі барынша жеңілдетілген тіл. Егер, Сіз бұған дейін басқа тілдерді («pascal», «c++») оқып үйренген болсаңыз, тілдің синтаксисі мен жазылу стилі ыңғайсыз болып көрінуі мүмкін. Алайда, бұл – тек бастапқы әсер ғана, себебі кейін Сіз «Python»-ды осы қарапайым синтаксисі үшін жақсы көріп кетесіз (кітап авторлары секілді).
Сонымен, «Python» – оқып-үйренуге жеңіл, синтактисі бойынша қарапайым, жоғары деңгейлі, кроссплатформалық бағдарламалау тілі.